ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ислам Сұңқар Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде өңірдің белсенді жастарымен кездесу өткізді. Шараны ұйымдастыруға Балжан Досмұхамбетованың жетекшілігімен ҚХП Атырау облыстық филиалы үлкен қолдау көрсетті.
Бүгінде қазақстандық жас буын қалай өмір сүріп жатыр? Олар не нәрсеге ұмтылады, нені уайымдайды, өмірде неге қол жеткізгісі келеді? Депутатпен кездесуде оқу, жұмысқа орналасу, баспана, жәрдемақы, әскери қызмет, өзін-өзі дамыту және мемлекет тарапынан қолдау мәселелері бойынша ең өзекті тақырыптар талқыланды. Жас мәжілісмен жиналғандармен жеке тәжірибесін бөлісіп, партиялық қызметі туралы баяндап берді.
«Кездесуде саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерге қатысты жастардың пікірін тыңдадық. Оған қоса, олардың қажеттіліктері мен ұсыныстарын талқыладық», - деді Ислам Сұңқар.
Қазір жастар арасында қандай тенденциялар бар? Қазіргі қоғамдағы жастардың амбициясы қандай? Жасыңыз 30-ға толмаған болса, қалай Парламент депутаты атануға болады? Тіпті, шара барысында қатысушылар реформатор рөліне еніп, әрбір белсенді саяси немесе әлеуметтік сала бойынша өз реформасын ұсынды.
«Отырыс барысында мен «Депутаттың қоғамдық көмекшілері» жобасын талқылауды ұсындым». Аталған жоба жастардың көшбасшылық қасиеттерін дамытуға ықпал ету және олардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау мақсатында жасалды», - деп түсіндірді депутат.
Жиын соңында бұған дейін ҚХП-ға өтуге ниет білдірген бірнеше студентке салтанатты түрде партия билеті табысталды. Іс-шараның ең белсенді қатысушылары естелік сыйлықтарға ие болды.