Мәжіліс Қазақстан мен Сингапур арасында бір жыл бұрын жасалған қызметтер саудасы мен инвестициялар туралы келісімді ратификациялады. Келісімнің мақсаты - екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдегендей, құжатты ратификациялау қазақстандық қызмет экспорттаушыларға Сингапур нарығына даңғыл жол ашады. Бұдан басқа, Келісім әріптес елде қазақстандық капиталдың қатысуымен кәсіпорындар құруға мүмкіндік береді және өзара инвестицияларды тарту және қорғау үшін қосымша жағдайлар жасайды. Бір сөзбен айтқанда, барлығы өзара тиімді бизнес үшін жасалады.
Алайда, Қазақстан Халық партиясы атынан сайланған Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар биылғы жылдың басында Қазақстан Республикасы мен Сингапур Үкіметтері арасындағы инвестицияларды арттыру және қорғау туралы келісімнің ратификациялағанын еске салды.
- Мен еске салған келісімнің бүгінгі келісімнен айырмашылығы неде? - деп нақтылады мәжілісмен. - Екі келісімде де отандық қызмет көрсетушілерді қорғау үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
Министр жаңа құжат қызмет көрсету мәселелерін егжей-тегжейлі реттейтінін және оның үстіне қызмет көрсетушіні қорғаудың нақты құқық қорғау тетігін ескертетінін түсіндірді.
- Мысалы, жыл басында ратификацияланған құжат отандық кәсіпкерлер инвестиция салғаннан кейін олардың құқықтарын қорғау тетігін енгізеді, - деп хабарлады Шаққалиев. - Ал қазіргі құжаттың арқасында кәсіпкердің құқықтары өтініш берілген сәттен бастап қорғалады.
Қазақстан мен Сингапур арасындағы қызмет көрсету саудасының көлемі өткен жылы шамамен 10 млн АҚШ доллары болды. Бұл ретте қазақстандық қызмет көрсетушілер 3,5 млн АҚШ долларына, сингапурлық қызмет көрсетушілер 6 млн АҚШ долларына қызмет көрсетті. Сингапурдың Қазақстанға тікелей инвестициясының жалпы көлемі соңғы 10 жылда 1,7 млрд АҚШ долларына жетті.