Қазақстан Халық партиясы IV Пара Азия ойындарының жүлдегері, Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжанға құрмет көрсетті.
Қазақстан құрамасы Қытайда өткен IV Пара Азия ойындарында командалық есепте 11-орынды иеленді. Құрама қоржынына 41 медаль түсті, оның 8-і - алтын, 12-і - күміс және 21-і қола. Бұл қазақстандық спортшылардың байрақты бәсеке тарихындағы ең үздік нәтижесі.
Елге қола жүлде алып келген жүлдегерлердің бірі Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, Республикалық паравелоспорт федерациясының басшысы Кенжеғұл Сейітжан болды. Ұшқыш Антон Лаврентьевпен бірге олар жеке жарыста және топтық веложарыста үшінші орынды жеңіп алды.
Халық партиясының орталық кеңсесінде депутатты салтанатты жағдайда күтіп алды. ҚХП төрағасының орынбасары Асхат Асылбеков К.Сейітжанға партияның бірінші басшысы Ермұхамет Ертісбаевтың атынан Алғыс хат табыс етті.
«...Сіздер жоғары спорттық шеберлік көрсетіп, еліміз үшін жоғары марапатты жеңіп алдыңыздар, - делінген Алғыс хатта. - Сіздердің жетістіктеріңіз республикамыздың спорттық жылнамасына енеді. Сіздің табандылығыңыз, шыдамдылығыңыз бен жеңіске деген ұмтылысыңыз, сонымен қоса, Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі заң шығарушылық тынымсыз еңбегіңіз кейінгі ұрпаққа, болашақ жастарға үлгі-өнеге болады...»
ҚХП төрағасының орынбасары Мирас Әукенов жүлдегерге үлкен гүл шоғын ұсынып, ұжым атынан құттықтап, жеңімпазға жаңа жеңістер тіледі.
Кенжеғұл Сейітжан өзіне қолдау көрсеткен, қазақстандықтардың жеңісі үшін алаңдаған жандарға шын жүректен алғыс айтты. Осы жеңістер үшін өлшеусіз үлес қосқан спорттағы серігі, ұшқыш Антон Лаврентьев пен велокоманданың жаттықтырушысы Николай Зайцев туралы жүректен шыққан жылы лебізін білдірді.
– Бізде күш-жігер жетіп тұрды, тек спорттық сәттілік қана бізге қарсыластарымыздан соңғы 300 метр қара үзіп кетуге мүмкіндік бермеді, - деді мәжілісмен.
– Әрине, бұл үлкен жауапкершілік еді. Біз мұндай жоғары деңгейдегі халықаралық жарысқа бірінші рет қатыстық. Біздің жеңіп алғанымыз - еліміз бен партиямыз үшін тарихи мәні бар медальдар.
Еске сала кетейік, 22-28 қазан аралығында Ханчжоу қаласында (ҚХР) IV Пара Азия ойындары өткен болатын. Оған әлемнің 45 елі мен өңірлерінен 3800-ге жуық мүмкіндігі шектеулі спортшы қатысты.