Өндірістегі әйелдердің үлесі артып келеді

Астанада Жұмысшы мамандықтары жылы аясында «Өнеркәсіп және технология саласындағы әйелдер» II Халықаралық конгресі өтті. Іс-шараға «Росатом» мемлекеттік корпорациясы мен Еуразиялық әйелдер форумының кеңесі қолдау көрсетті.

Статистикаға сүйенсек, Қазақстан экономикасында өнеркәсіп секторындағы әйелдер үлесі шамамен 32 пайызды құрайды. Ал ғылым саласында, әйелдердің үлесі басым. ҚР Атомдық энергия жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары Тимур Жантикиннің айтуынша, бұл салада әйелдер үлесі 60 пайызға жетеді.

1

Конгреске қатысушылардың бірі – ҚХП-ның Атырау облыстық филиалының төрайымы, «Тұтынушылардың құқығын қорғау және бәсекелестікті дамыту» қоғамдық ұйымының президенті, ҚР Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңес мүшесі Балжан Досмұхамбетова. Ол «Жұмысшы мамандықтар саласындағы әйелдер: өсу стратегиясы және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында өткен пікірталаста сөз сөйледі.

3

Партия өкілі өз баяндамасында ҚХП-ның Еңбек адамының құқықтары мен мүдделерін қорғауға ерекше мән беретінін атап өтті.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялау туралы шешімін зор қуанышпен қабылдап, бұл бастаманы жүзеге асыруға белсенді түрде атсалыстық, – деді Б.Досмұхамбетова.

4

Оның айтуынша, партияның өңірлік филиалдары елдің барлық аймағында өнеркәсіптік, коммуналдық, өндірістік, тамақ және өзге де кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен бірқатар кездесулер өткізген. Жастар арасында жұмысшы мамандықтарды насихаттауға бағытталған республикалық акция да ұйымдастырылды. Партия өкілдері кәсіби жетістіктерге қол жеткізген мамандар мен колледж, ЖОО студенттерінің кездесуін өткізді. Сонымен қатар ҚХП аймақтарда еңбек тақырыбына арналған дөңгелек үстелдер ұйымдастырды. Ал жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру мақсатында «Еңбек Адамы – 2025» партиялық байқауы өтті.

– Байқаудың мақсаты – еңбек адамына құрмет көрсету, өз ісінің шеберлерін қолдау және жұмысшы мамандықтарының маңызын айшықтау, – деді ол.

Сонымен қатар, Атырау филиалының жетекшісі партия жанындағы әйелдер қанатының қызметі туралы да айтып өтті.

– Әйелдер қанаты еліміздегі әйелдердің құқықтық жағдайын жақсартуға, гендерлік теңдікті экономикадан бастап саясатқа дейінгі барлық салада ілгерілетуге үлес қосып келеді. ҚХП құрамында басқаруға қабілетті, нақты шешім қабылдап, жаңашылдық енгізетін және өзгелерге үлгі бола алатын әйелдер көп. Бүгінде партияның 20 өңірлік филиалының бесеуін әйелдер басқарады, – деді ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy