Жер дауы жүйкесін жұқартқан жандар Қазақстан Халық партиясына шағымданды. Дабыл қаққан азаматтардың айтуынша, қайтыс болған адамдардың атынан да жерден бас тартқаны туралы құжатқа қол қойылған.
Алаяқтарға алданып, жерлерінен айырылған 6 елдімекеннің тұрғындары құзырлы органдарға шағымданған. Олар мәселеге атүсті қарап, жылы жауып қоя салған.
Белгілі болғандай, 1997 жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылған. 200-ден астам адам жалпы көлемі 4 мың гектардан астам пайға берілген жерді біріктіріп, іс қылуға уағдаласқан. Алайда 2004 жылы пайға алынған жер басқа жауапкершілігі шектеулі серіктестікке өтіп кеткен. 4 мың гектар жердің 87%-ы бір әулеттің меншігі болып шыға келген. Бұл үшін пай иелерінің, оның ішінде қайтыс болған адамдардың атынан жалған құжаттарға қол қойылған.
Тұрғындардың бармаған жері, баспаған тауы қалмаған. Бірақ мәселе шешілмеген. Амалы таусылып, шыдамы шегінен жеткен жандар Қазақстан Халық партиясына жүгінген.
Партия өкілдері мәселенің мән-жайын анықтау үшін тұрғындармен кездесті. Олардың арыз-шағымы мен талап-тілегін тыңдады. Мәселенің шешілуіне атсалысып, қоғамдық резонанс туғызуға ықпал ететіндерін айтты.
Өз кезегінде 6 елдімекеннің тұрғындары Президентке үндеу жолдады. Олар Үкімет үн қатпаса, шеруге шығатындарын мәлімдеді.