ҚХП павлодарлық тәрбиешіге қатысты тергеуді бақылауға алды

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясының Павлодар облыстық филиалы №116 балабақшадағы тәрбиешінің әрекетінен зардап шеккен балалардың ата-аналарына құқықтық көмек көрсетеді.

Еске сала кетсек, Павлодар қаласындағы балабақшалардың бірінде тәрбиешінің балаларға дөрекілік көрсеткен сәттері бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бұл видео «Типичный Павлодар» Telegram-арнасында жарияланып, қоғамда үлкен наразылық туғызды. Кадрларда тәрбиеші қыз баланы ұрып, киіндіріп жатқанда қатты ұстап, итеріп жібергені анық көрінеді. Сондай-ақ әйелдің басқа балаларға да агрессивті мінез көрсеткені байқалады. Балалардың ата-аналары полицияға шағымданып, кәмелетке толмағандарға қатыгездік көрсету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Павлодарлық партия өкілдері зардап шеккен балалардың ата-аналарымен кездесу өткізді. Кездесуге филиал төрағасының міндетін атқарушы Әлімбек Ағибаев, адвокат Асия Әлімова және онлайн байланыс арқылы ата-аналардың мүддесін қорғайтын заңгер Дәурен Қосдәулетов қатысты.

Заңгердің айтуынша, барлық сараптамалар аяқталғанымен, іс бойынша процессуалдық шешім әлі қабылданбаған. Видеоайғақтар қалпына келтірілсе де, тергеу органдары істі сотқа жібермей отыр. Дәурен Қосдәулетовтың пікірінше, тәрбиешінің әрекеті Қылмыстық кодекстің 110-бабының 2-бөлігіне – «Кәмелетке толмағанға қатыгездік көрсету» тармағына сай келеді. Балалардың аналары тергеудің тым созылып кеткеніне және өздеріне процессуалдық өзгерістер туралы кеш хабарланатынына алаңдаушылық білдірді.

– Ата-аналар бірнеше ай бойы істі қайта саралауды емес, оған қосымша бап енгізуді талап етіп келеді. Себебі бұл – жай ғана немқұрайлылық емес, балаларға жүйелі түрде жасалған зорлық, – деді Қосдәулетов.

Әлімбек Ағыбаев партия тарапынан да істің әділ әрі ашық тергелуін талап ететінін айтты.

– Бұл жағдайдың ата-аналар мен қоғам үшін қаншалықты ауыр екенін түсінеміз. Сол себепті партия тарапынан құқықтық және қоғамдық қолдау көрсетеміз. Тергеу барысын тұрақты бақылауда ұстаймыз, – деді ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy