ЖИ баланың дамуына кедергі ме?

dep.jpg

Мәжілісте «Қазақстан Республикасында жасанды интеллектінің дамуы» тақырыбында Парламент тыңдауы өтті. Оған Мәжіліс депутаттары, министрлік пен ведомстволардың өкілдері, белсенділер мен сарапшылар қатысты. Парламентті тыңдау алаңында жасанды интеллект қолданылатын жобалардың көрмесі ұйымдастырылды.

ҚХП депутаты Ирина Смирнова мектептегі оқытуда жасанды интеллектіні енгізу мәселесін көтерді. Ол жасанды интеллекттің мектеп оқушыларының өз бетінше ойлау қабілетінің нашарлауына алып келмеуі туралы алаңдаушылық білдірді. Депутат АҚШ, Сингапур секілді бірнеше елде цифрлық технологиялармен қатар балалардың сыни ойлауын дамыту және өздігінен талдау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған әлеуметтік бағдарламалар бар екенін еске салды.

– Яғни, инновациялармен бірге мемлекет тәуекелдерді де ойлайды. Бізде де жасанды интеллекттің кеңінен қолданылуы балалардың өз бетімен ойлау, зейін аудару және оқуға қызығушылығының төмендеуіне алып келмейді деп сену қиын, - деді Смирнова.

Депутат Оқу-ағарту министрлігі осы бағытта қандай да бір шектеу шараларын әзірлемегенін айтты.

– Мектептерде жасанды интеллекттің қолданылуы балалардың өз қабілеттерін дамытуға балама болмайтындай қандай шаралар қабылдануда? – деп сұрады ол.

Оқу-ағарту вице-министрі Майра Мелдебекова бұл мәселенің өте өзекті екенін атап өтті. Осы қауіп-қатерлердің алдын алу үшін министрлік концептуалды тәсілдерді әзірлеген. Бұл құжат Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен бірлесе бекітілген. Сонымен қатар, ведомство өз әдістемелік ұсынымдарын да дайындаған.

– Қазір басты міндет – мұғалімдер мен оқушыларға жасанды интеллектті қалай тиімді пайдалану керектігін түсіндіру. 200 мыңнан астам мұғалім базалық курстан өтті. Болашақта бұл оқыту жалғасады, - деп түсіндірді ол.

Мелдебекова педагогтардың жасанды интеллектпен жұмыс істеудегі рөлінің зор екенін де атап өтті.

– Мұғалімдер мен балалар бұл құралдың ең алдымен оқу процесін жақсарту үшін арналғанын түсінуі керек. Біз бұл ойды педагогикалық қауымға жеткізу үстіндеміз, - деді ол.

Балалардың сыни ойлау қабілетін дамыту қосымша білім беру аясында да жүргізілетін болады, ол қазір жаңа сатыға өтуде.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy