ЖИ жобаларын кім қаржыландырады?

dep.jpg

Қазақстан цифрландыру бағытын таңдады. Алайда бұл арзан шаруа емес. «Елдің технологиялық серпіні үшін қаржыны кім бөледі?» деген сауалды ҚХП фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов көтерді.

Парламентте жасанды интеллектті дамыту мәселесіне арналған тыңдауда ол мұндай қаржыны көп қажет ететін саланы бюджет тапшылығы тереңдеп тұрған кезеңде дамыту оңай еместігін айтты.

– Цифрлық салаға салынатын қаржы болашақ үшін қажет екені түсінікті. Бірақ қазіргі жағдай қандай? Үкіметтің алдағы бес жылға болжамы бар ма? Елдің ауқымды жоспарын орындау үшін қанша қаражат қажет болады? Біз қандай инвестицияларға сенім артамыз және ол шығынның экономикалық қайтарымы қандай болмақ? – деді депутат.

Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысовтың айтуынша, қазір мемлекеттік органдардың бәрі өздерінің жасанды интеллект жобаларын бекітілген бюджет аясында, яғни жүйелерді сүйемелдеуге бөлінген қаржы есебінен жүзеге асырып жатыр.

– Цифрлық кодекс қабылданған соң жүйелердің өмірлік циклдарына өзгеріс енгізіледі, көптеген параметр қайта қаралады. Бұл мемлекеттік органдардың бюджетіне де ықпал етеді. Бұл іске біз қатысамыз, – деді ол.

Вице-министрдің мәліметінше, Үкімет жасанды интеллект тұжырымдамасын бекіткен. Құжатта барлық шара қарастырылған.

– Көпшілік іс-шаралар сыртқы көздер есебінен, яғни инвестиция тарту арқылы іске асады. Ол инвестициялар Astana Hub арқылы да, венчурлық қорлар арқылы да, сондай-ақ өзге мемлекеттермен әріптестік негізінде тікелей де тартылады. Республика бюджетінен бөлек қаржы алу қарастырылмайды, – деп нақтылады ол.

Ал нақты шығын көлемі барлық өзгерістер жасалып, Цифрлық кодекс қабылданған соң белгілі болмақ. Бұл жұмысты Қаржы министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп әзірлеген әдістемеге сәйкес жүргізеді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy