
Қазақстанда бір емес, екі түрлі Тұрғын үй кодексі әзірленген. Оның бірі – Мәжіліс дайындаған жоба, екіншісі – қоғамдық ұйымдар ұсынған құжат. ҚХП депутаты Ирина Смирнова бұл екі бастаманы біріктіріп, ортақ кодекс жасау қажет деп санайды.
Бұған дейін Мәжілістің Қоғамдық палатасы отырысында бұл тақырып қызу талқыға түскен еді. Депутаттар мен қоғам өкілдері Үкіметке мұндай кодекстің маңызын дәлелдеуге тырысты. Ал Үкімет өкілдері жаңа жоба қазіргі заңдардағы нормаларды қайталайды деп қабылдаудан бас тартқан.
Іс-шара барысында «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зауреш Батталова қоғамдық ұйымдар дайындаған кодекс жобасын таныстырды. Онда құрылыс пен пайдалану тәртібі, әлеуметтік тетіктер, қаржылық механизмдер және цифрландыру мәселелері бір құжатқа топтастырылған. Батталованың айтуынша, ең басты қағидат – тұрғын үйді «тауар» емес, әр азаматтың негізгі құқығы ретінде қарастыру.
Ирина Смирнова бұл көзқарасты толық қолдады. Ол Үкімет кері қайтарған депутаттық жобаның тағдырын тағы бір еске салды.
– Үкімет мұндай кодекске қажет емес деп есептейді. Олар тұрғын үйге қатысты нормаларды бір жерге жинақтаудың орнына, әрқайсысы бөлек-бөлек заңдар күйінде қалуын жөн көреді, – деді Смирнова.
Қоғамдық ұйымдар әзірлеген «параллель кодекс» туралы айтқан Смирнова, оның мазмұны әлдеқайда толық әрі жүйелі шыққанын атап өтті.
– Егер Үкімет депутаттар ұсынған бастапқы жобаны бірден жоққа шығармағанында, қоғамның барлық ұсыныстары сол құжатқа өзгеріс ретінде енгізілер еді. Сонда бәріне ортақ, пысықталған жоба жасалып, талқылауға дайын болар еді, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, бұл мәселе бойынша заң шығару жұмысын жалғастыруға барлық мүмкіндік бар. Ирина Смирнова тұрғын үй саласындағы кешенді құжат ел азаматтарының мүддесі үшін қажет екенін атап өтті.
@halyk_partiyasy