ҚХП депутаты отандық өндірістің дамуын тежеп тұрған кедергілерді атады

dep.jpg

Мәжілістің жалпы отырысында ҚХП фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов еліміздің өңдеу өнеркәсібіндегі өзекті мәселелерді көтерді. Бұған дейін фракция осы тақырыпта арнайы дөңгелек үстел өткізіп, сала өкілдері жедел шешімді қажет ететін бірқатар түйткілді мәселелерді атап өткен болатын.

Солардың бірі – отандық тауар өндірушілердің бірыңғай реестрін (өндіріс шарттары мен технологиялық операциялар тізімі) қалыптастыру мәселесі. Депутат бұл тізім Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығымен бекітілгенімен, оның мазмұнында нақты әдістемелік өлшем жоқ екенін сынға алды.

– Қазіргі өндіріс тәжірибесінде өнім түріне, қолданылатын материал мен құрылым күрделілігіне, автоматтандыру деңгейіне қарай технологиялық процестер әртүрлі болады. Ал әмбебап тізім осы ерекшеліктерді ескермейді. Сондықтан цифрлық верификация кезінде икемді және сараланған тәсіл қажет, – деді Магеррам Магеррамов.

Депутат техникалық реттеу саласындағы тағы бір проблеманы атап өтті. «Техникалық реттеу туралы» заң бойынша Ішкі нарықты қорғау құралдары бар. Алайда, іс жүзінде мемлекеттік бақылау кезінде адал емес импорттаушылар инспекторларды өз кәсіпорындарына кіргізбейді. Соның салдарынан бақылау жүйесі толық жұмыс істемейді. Сонымен қатар, ведомстволар арасындағы өзара іс-қимылдың әлсіздігі де мәселені ушықтырып отыр.

Үкімет бекіткен отандық өндірушілерді қорғау тетіктері де жетілмеген. Кейбір кәсіпкерлер импорттық тауарды қызмет немесе жұмыс түрінде көрсетіп, ішкі нарыққа еркін енгізіп отыр.

– Мәселен, «Жайлы мектеп» жобасын алайық. Маған қоймаларда пайдаланылмай жатқан қазақстандық мектеп жиһаздарын көрсетті. Өйткені оларды импорттық өнімдермен алмастырып тастаған, – деді ҚХП фракциясының жетекшісі.

Магеррамовтың айтуынша, мектеп формасы нарығы да түгел дерлік импорттаушылардың қолында. Ал жеңіл өнеркәсіп саласы шетелдік бәсекелестермен салыстырғанда айтарлықтай тиімсіз жағдайда. Бұл тек ішкі нарыққа емес, экспортқа да әсер етуде.

– ЕАЭО елдеріне дайын тоқыма өнімін экспорттаған кезде қазақстандық өндірушілер 12 пайыз кедендік баж төлейді. Ал Өзбекстан, Түркия және Пәкістан өндірушілеріне дәл сол тауарлар үшін баж салығы нөлге тең. Мұндай жағдайда біздің өнім ЕАЭО нарығында бәсекеге қабілетсіз болып қалады, – деді депутат.

ҚХП фракциясы бұл мәселелерді шешу үшін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Қаржы министрлігіне бірлесіп жұмыс істеуді, тауардың шығу тегін анықтау және отандық үлесті есепке алу процесін ашық жүргізу үшін заманауи IT-шешімдерді пайдалануды ұсынды.

Сондай-ақ, фракция Үкіметке сала мамандары мен сарапшылар әзірлеген ұсынымдарды қарастырып, нақты шаралар қабылдауға шақырды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy