Жұмысшы жастарды баспанамен қамту – маңызды міндет!

dep.jpg

Жұмыс істейтін жастар үшін жеңілдетілген әрі қолжетімді ипотекалық бағадарлама болуы қажет! Үкімет басшысы Олжас Бектенов «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында осы мәселе бойынша тиісті ведомстволарға жұмыс жүргізуді тапсырды. Бұған дейін ҚХП «Жас орта» жастар қанатының белсенділері осындай бастама көтерген болатын.

ҚХП Төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың Қарағанды қаласына жұмыс сапары барысында партияның Қарағанды филиалының жас өкілдері «Астана-Шымкент-Алматы» қалаларында жұмыс істейтін жастар үшін жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасын мегаполистерден өңірлерге таратуды ұсынды. Бұл бағдарлама әкімдіктердің қадағалауында және негізінен жас отбасыларды қолдауға бағытталған. Бұл бастаманы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Жас орта» жастар қанатының жетекшісі Ислам Сұңқар да қолдады. Оның айтуынша, мұндай бағдарлама жұмыс істейтін жастарға бастапқы жарнаға ақша жинап, кейіннен жеңілдетілген шарттармен ипотекаға жеке жылжымайтын мүліктерін сатып алуға мүмкіндік береді.

«Менің ойымша, бұл мәселені жан-жақты талдау қажет. Өз тарапымнан Парламент мінберінен Индустрия және құрылыс министрлігінің уәкілетті өкіліне бағдарламаны кеңейтуді ұсынамын», - деді депутат.

Депутаттың пікірінше, мұндай тәсіл жас мамандардың мегаполистерге қоныс аудармай, аймақтарда қалуына ықпал етуі тиіс, ал әкімдіктер осы мәселеге барынша мүдделі болуы керек. Депутат бұл туралы «Атамекен» бизнес телеарнасына берген пікірінде айтты.

«Өкінішке қарай, барлық басқа өңірде, облыс орталықтарында бұл бағдарламалардың барлығы (жұмыс істейтін жастарға жеңілдікпен берілетін баспана – авт.) толық жүзеге асырылған жоқ. Егер осындай бағдарламалардың аймақтардағы қолданысын кеңейтсек, онда кадрлық олқылықтардың орнын толтыра аламыз деп ойлаймын. Кадр тапшылығы негізінен облыс орталықтарында жиі кездеседі», - деді ол.

Осы ретте ҚХП депутатының үндеуі назардан тыс қалмады.

«Өнеркәсіп, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары министрліктеріне кәсіпорындармен, әкімдіктермен және «Отбасы банкімен» бірлесе отырып, жұмысшыларға ипотекалық және жалдамалы тұрғын үй берудің жеңілдетілген бағдарламаларын іске қосу мәселелерін пысықтауды тапсырамын», - деді Олжас Бектенов.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy