Жоғары білім қолжетімді болуы керек

Қазақстан Халық партиясы отандық білім беру саласын жетілдіру қажеттігіне назар аударды. Партия мүшелерінің пікірінше, білім баршаға, оның ішінде әлеуметтік қорғалмаған санаттағы азаматтарға қолжетімді болуы керек. Сонымен қатар Оқу-ағарту министрлігі оқу жылының орынсыз ұзартылуын жойып, мұғалімдерді өздеріне қатысты емес жұмыстан босатуы тиіс.

Мәжілістің жалпы отырысында сөз сөйлеген ҚХП депутаты Гаухар Танашева ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің дерегі бойынша білім беру гранттарының саны жыл сайын артып келе жатқанын, алайда талапкерлердің барлығы бірдей Ұлттық бірыңғай тестілеу шегін еңсере алмайтынын атап өтті.

– Білім беру гранттарын бөлу кезінде азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін квота қарастырылған, – деп түсіндірді Г. Танашева. – Өкінішке қарай, 2022-2023 оқу жылына бөлінген 73 061 мемлекеттік гранттың 15 029 гранты игерілмей қалды. Пайдаланылмаған грант ҰБТ нәтижесінің төмен көрсеткіші болып табылады.

ҚХП депутаты оқушыларды білім сапасының төмендігі үшін кінәлауға болмайды деп санайды. – Бұл гранттарды ҰБТ-дан төмен балл алған, бірақ оқуға және жоғары білім алуға ынтасы бар халықтың әлеуметтік осал тобы арасында бөлу тәсілін қарастыру қажет, – деді мәжілісмен. – Егер көпбалалы отбасындағы бір бала жоғары оқу орнына түссе, жақсы білім алып, болашақта жоғары ақы төленетін жұмысқа орналасса, кейін бауырларына көмектеседі.

Г. Танашева оқу жылын ұзартуға қатысты дұрыс ойластырылмаған шешім көпшіліктің сынына ұшырағанын еске салды. Сонымен қатар қазақстандықтар сайлау науқанына ұстаздарды тартуды құптамайтынын мәлімдеді.

– Қазақстанның Еңбек кодексінде, сондай-ақ «Білім туралы» және «Педагог мәртебесі туралы» заңдарда мұғалімдер кәсіби қызметпен байланысты емес жұмыспен айналыспауға тиіс делінген, – деп еске салды ҚХП депутаты. – Мұғалімдердің негізгі мақсаты мен міндеті – балаларға білім беру!

ҚХП фракциясы әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан балалар үшін ЖОО-ға қабылдауды жеңілдетуді, осы санаттағы мектеп түлектері үшін квотаны ұлғайтуды және пайдаланылмаған гранттарды осындай талапкерлер арасында қайта бөлуді қамтамасыз етуді сонымен қатар оқу жылының ұзақтығын 25 мамырға дейін қысқартып, мұғалімдердің сайлауға қатысуын шектеу мәселесін қарастыруды ұсынды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy