Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды

dep.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Жұлдыз Сүлейменова Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі болып тағайындалды. Бұған дейін бұл қызметті атқарған Ғани Бейсембаев Президенттің шешімімен лауазымынан босатылды. Жаңа министрдің кандидатурасын Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитеті қолдады.

42 жастағы Жұлдыз Сүлейменова әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін тәмамдаған. «Мәдениеттану» мамандығы бойынша PhD дәрежесіне ие. Бұған дейін түрлі жоғары оқу орындарында ұстаздық етіп, кафедра меңгерушісі, жастар ісі комитетінің төрайымы, тәрбие жұмысы жөніндегі проректордың орынбасары, декан қызметтерін атқарған. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде бас ғылыми хатшы болды. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ-да білім саясаты және бағдарламалар департаментінің аға менеджері, кейін директорының орынбасары болып еңбек етті. Президент жанындағы Ұлттық құрылтай мүшесі. Екі мәрте Мәжіліс депутаты болып сайланған.

ҚХП депутаты Ирина Смирнованың айтуынша, бұл тағайындаудан үлкен үміт күтілуде.

– Соңғы жылдары білім саласында жүргізілген «реформалардың» бәрін қайта қарау керек. Мұғалімдердің біліктілігін арттыру институттарының, «Өрлеудің», министрліктің айналасында жиналған түрлі құрылымдардың, сондай-ақ өзіне артықшылық берілгендей сезінетін Зияткерлік мектептердің жұмысын тәртіпке келтіретін уақыт жетті. Жалпы, білім жүйесін жайлаған бейберекет тірлікті ретке келтіру қажет, – деді депутат.

Смирнованың пікірінше, білім беру саласы – ел үшін аса маңызды бағыт, сондықтан оны бөтен күштердің ықпалына беруге болмайды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy