Еліміздің өңірлерінде Қазақстан Халық партиясының бастамасымен «Дара Тұлға» мәдени-ағартушылық акциясы өтуде. Акция аясында мәдениет қайраткерлерімен және белгілі азаматтармен кездесулер, сондай-ақ мұражайға экскурсиялар, кітапханаларды аралау және т.б. іс-шаралар жоспарланған.
ҚХП Жамбыл облыстық филиалы жергілікті жоғары медициналық колледж студенттері мен еңбек ұжымына арналған іс-шара ұйымдастырды. Кездесудің басты қатысушысы медицина ғылымдарының докторы, көрнекті кардиохирург, профессор және академик Сейітхан Жошыбаев болды.
Сейітхан Жошыбаев өз еңбек жолында 200-ден астам ғылыми жұмыс пен 2 монография жариялап, 9 кандидат пен 1 медицина ғылымдарының докторын даярлаған. Өнертабысқа 9 патенті және 17 рационализаторлық ұсынысы бар. Ол Қазақстан мен Қырғызстанның медициналық орталықтары мен ғылыми институттарын бірнеше рет басқарған, ал Тараз қаласындағы ол басқарып отырған Кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығы ҚР Президентінің "Алтын сапа" беделді сыйлығына ие болып, "ХХ1 ғасыр көшбасшылары" халықаралық имидждік бағдарламасының лауреаты атанып, «Еуропалық сапа», «Сапа үшін еуропалық гран-при» және «Медицина саласындағы көшбасшы» сертификаттарына ие болған.
Атақты академик биыл өзінің 85 жылдық мерейтойын атап өтуде. Құрметті қонаққа салтанатты түрде партия атынан Алғыс хат, сондай-ақ қобыз музыкалық аспабы сыйға тартылды.
Сонымен қатар, акция аясында жамбылдық партия мүшелері «Ұлан» балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін шағын мереке ұйымдастырды. Балаларға жергілікті кәсіпкерлер бөлген демеушілік көмек берілді. Сыйлық қоржындарында тәтті-дәмділер, азық-түлік, киім-кешек және ең қажетті заттар болды.
«Дара Тұлға» акциясын Қазақстан Халық партиясы республиканың барлық өңірлерінде өткізеді.