
Конституция күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған «Конституция және мемлекеттілік: құқық пен болашақ диалогы» атты ғылыми-практикалық конференцияда сөз сөйледі.
– Конституциямыз Тәуелсіздікті нығайтып, өркендеу жолын ашты, – деп ерекше атап өтті Президент. – Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде әлемдік қауымдастықтың толыққанды мүшесіне айналды.
Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, заңгер Магеррам Магеррамов Президенттің конференцияда сөйлеген сөзіне қатысты пікір білдірді. Фракция жетекшісі Конституция мемлекетіміздің және егемендігіміздің берік іргетасы, Тәуелсіздіктің тұғыры әрі азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың сенімді кепілі болғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Ата заң еш өзгермейтін догма емес екенін еске салды.
– 2022 жылы елімізде Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өтті. Оның өтуі және оған халықтың белсенді қатысуы қазақстандықтардың елдің дамуындағы маңызды мәселелерді шешуге жоғары деңгейде атсалысқанын көрсетті, – деді депутат.
Магеррамовтың пікірінше, референдумға қолдау білдіру қоғам үшін заң нормаларын уақыт талабына сай бейімдеудің, ел ішіндегі өзгерістер мен сыртқы саясаттағы ахуалды ескерудің аса маңызды екенін дәлелдеді.
Сонымен бірге ол құқыққа құрмет пен құқықтық мәдениет бала кезден қалыптасуы қажет деп санайды.
– Мектептер мен жоғары оқу орындарында құқықтық тәрбиені күшейтуге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Өйткені балалар – еліміздің болашағы. Сондықтан оларды отбасынан бастап, білім ордаларында негізгі құқықтар мен міндеттерді үйретіп, заңды түсініп, оны құрметтеуге баулу аса маңызды, – деді ол.
@halyk_partiyasy