Кімдердің жатақханада тұру шығыны өтеледі?

dep.jpg Үкімет студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы мәселесін ішінара шешуді, яғни әлеуметтік жағынан аз қорғалған студенттерге көмек көрсетуді ұсынды. Бұл туралы Мәжіліске Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутат Ислам Сұңқардың үкіметке жолдаған сауалына берілген жауапта баяндалды.

Бұған дейін депутат жатақханалардағы орын тапшылығының өзектілігіне назар аударып, дабыл қаққан болатын. Оның дерегінше, 2022-2023 оқу жылында жоғары оқу орындарының жатақханаларындағы орын тапшылығы 61 435 орынды құрады. Тапшылықтың теріс көрсеткіші бойынша Алматы (32 718 орын) мен Астана (14 570 орын) «көш бастады».

Жатақханалардағы орын тапшылығы өз алдына, олардың жағдайы да сын көтермейді. Себебі басым бөлігі өткен ғасырдың ортасында салынған.

– Ғимараттардың тозу көрсеткіші 50%-дан асқан, – деді И.Сұңқар. – Жатақханалар жыл сайын косметикалық және күрделі жөндеуден өтетініне қарамастан, апатты жағдайға жеткен.

Қазақстан Халық партиясы Үкіметке үй жалдап тұратын студеттердің шығынын өтеудің бірнеше нұсқасын қарастыруды ұсынды. Өз кезегінде Үкімет жатақханада тұру шығыны баршаға бірдей және толық өтелмейтінін мәлімдеп, мемлекеттік қолдау халықтың әлеуметтік жағынан аз қорғалған бірқатар санаттарына ғана жасалатынын жариялады.

«Мемлекет жылына 29 АЕК - тен аспайтын деңгейде қаржылық көмек көрсетеді (2023 жылы шамамен 100 050 теңге)», – деп жазылған үкіметтің депутаттық сауалға берген жауабында.

Белгілі болғандай, төлем жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған немесе кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған студенттерге, сонымен қатар 1- 2 топтағы мүгедектігі бар жандарға тағайындалады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy