Ұлттық жоба бутафорияға айналмау үшін

dep.jpg Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінде «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын іске асыру мәселелері талқыланды.

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан атап өткендей, мектеп инфрақұрылымының даму қарқыны оқушы орындарының тапшылығын жабуға мұрша бермейді. 10 жылда оқушылар саны 1 млн-ға артып, 3,7 млн- ға жетті. Тапшылық 270 мың орынды құрады. Ұлттық жобаны іске асырудың 3 жылында бұл көрсеткіш миллионға дейін өсуі мүмкін.

– «Жайлы мектеп» жобасының негізгі мақсаты апатты жағдайдағы мектептер мен үш ауысымды оқытуды жою, – деді Е. Оспан. – Бұған қоса оқушы орындарының тапшылығын төмендету.

Вице-министр Е.Оспанның айтуынша, жобаны іске асыру шеңберінде 2026 жылға дейін қалалар мен ауылдық елдімекендерде 800 мыңға жуық жаңа оқу орнын пайдалануға беру жоспарланған. Бұл оқу процесіне қажетті жабдықтармен және кабинеттермен толық жабдықталған заманауи оқу орындары болады. Алайда министрлік Үкіметтен мектеп құрылысының басталу және аяқталу мерзімінің өзгеруін ескеріп, ұлттық жобаға өзгеріс енгізуді сұрады.

Қазақстан Халық партиясының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Гаухар Танашева жаңа мектеп салмас бұрын жұмыс істеп тұрған мектептермен айналысу қажет екенін айтты. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазір елімізде 143 үш ауысымды, 65 апатты жағдайдағы және саманнан салынған 231 мектеп бар.

– Жаңғыртуды қажет ететін мектептердің саны өте көп, – деді мәжілісмен.

Депутат жоспарда көрсетілген мерзімдер, ЖСҚ ресімдеу уақыты объективті емес деп санайды депута.

– Келесі жылы мектептерді тапсыру шындыққа жанаспайды, – деді ол. – Алайда барлығы қаржыландырылды.

Жайлы мектептердің инфрақұрылымы да күмән туғызады және бутафорияға айналу қаупін төндіреді. Атап айтқанда, ауылдық жерлерде орталық сумен жабдықтау немесе интерактивті сынып жоқ. Химия кабинеттері жарақтандырылмаған. Мұндай жағдай Солтүстік Қазақстан облысының ауылдарында тіркелген.

– Компьютер бар, бірақ қосылмаған, – деді Г. Танашева. – Компьютер сәндік үшін ғана тұр.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy