Мәжілісте Қазақстан Халық партиясының депутаттық фракциясы еліміздегі мектептердің қауіпсіздігі тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Оған депутаттар, азаматтық белсенділер, мемлекеттік органдардың, оқу орындарының, ата-аналар қауымдастығының өкілдері және т.б. қатысты.
ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов атап өткендей, мектеп қауіпсіздігі біздің қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі, ол мемлекеттік органдардан да, қоғамнан да кешенді назар аударуды және күш-жігерді біріктіруді талап етеді.
«Біз балалардың білім алуына барынша жағдай жасауымыз керек. Сонда олар тек білім алып қана қоймай, өздерін қауіпсіз сезіне алады», - деп атап өтті депутат.
Іс-шараның модераторы, Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова тақырыптың өте өзекті екенін және мұқият назар аударуды қажет ететінін еске салды.
«Мектеп әрбір бала өзін физикалық әрі психологиялық тұрғыдан қауіпсіз сезінетін орын болуы тиіс», - деді ол.
Бұған дейін ҚХП филиалдары аймақтарда «Қауіпсіз мектеп» акциясын ұйымдастырған болатын. Қоғам белсенділерімен, тиісті мамандармен және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесе отырып партия белсенділері мектептердің жаңа оқу жылына дайындығына кешенді мониторинг жүргізді. Нәтижелер аса көңіл көншітпейді.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстандағы мемлекеттік білім беру мекемелерінің тек 79%-ы ғана лицензияланған қауіпсіздікпен қамтылған, яғни, мектептердің едәуір бөлігі қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілмеген деген сөз. Бейнебақылау камералары барлық дерлік мектепте орнатылған, алайды 55%-ы ғана Жедел басқару орталықтарымен біріктірілген. Дабыл түймелерімен жабдықталған мектептер 87 пайызды құрайды. Кіре берістегі турникеттердің де пайдасы шамалы. Оған қоса, көбіне мектеп қауіпсіздігін егде жастағы зейнетке шыққан азаматтар күзетеді. Осы ретте, «мұндай қызметкерлер қандай да бір төтенше жағдай болғанда қажетті шараларды қолдана ала ма?» деген сұрақ туындайды.
Балалардың психологиялық қауіпсіздігі мәселесі тіпті қынжылтады. Қазақстанның басым бөлігінде мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтар жеткіліксіз. Маман бар болған күннің өзінде оқушы саны тым көп болғандықтан, әрқайсысына дұрыс көңіл бөлінбейді. Астана мен өзге мегаполистердің өзінде бір маманға 1000-нан 1500-ге дейін бала келеді. Осы жүктемеден-ақ балаға дұрыс көңіл бөлінбейтінін түсінуге болады. Яғни, бұл психологтардың жұмысының сапасына әсер етеді. Ал бұл суицидке әкеп соқтыратын анықталмаған депрессия, балалар арасындағы жасырын буллинг фактілері жойылмайды дегенді білдіреді.
Сондай-ақ мектептерде санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен өрт қауіпсіздігі ережелері де өрескел бұзылған. Қоғамдық тамақтандыру бөлімшелерін тексеруге мораторий енгізу СЭС бақылау функцияларын шектейді. Ауылды жерлерлегі мектептердегі оқушылар әлі күнге дейін далада орналсқан дәретханаларды пайдалануға мәжбүр. Бірқатар мектепте оқушыларға арналған санитарлық-гигиеналық жағдай дұрыс реттелмеген, асхана жеткіліксіздігі, спорт залдарының жағдайының нашар болуы, мектеп қоршауларының болмауы, т.б. күрделі мәселелер анықталды. Алайда, осының бәріне қарамастан балалар сондай жерде білім алып жатыр. ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және әлеуметтік-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның өкілі Гүлнәр Умарова атап өткендей, бұл заң бұзушылықтардың барлығы тіркеліп, мектептер айыппұл төлейді. Содан басқа шара қолданылмайды. Ал оның оқушылардың қауіпсіздігіне еш әсері жоқ.
Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша бірқатар ұсыныстар айтылды. Ұйымдастырушылар айтылған мәселелер бұл жолы назардан тыс қалмай, қайғылы жағдайға жеткізбей тұрып шешімін табатынына сенім білдірді.