Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова Қазақстан мен Қырғызстандағы жол жөндеу жұмыстарының барысын салыстырып, еліміздегі жолдардың жай-күйі сын көтермейтінін айтты. Оның айтуынша, мәселе тек жол сапасында емес, ең алдымен, азаматтарға деген көзқараста.
Мәжіліс депутаты жуырда жұмыс сапарымен Жамбыл облысындағы Қайнар ауылынан Шу қаласына дейінгі жол учаскесін аралап, бұл бағытты «екі жылға созылған жол азабы» деп атады. Осыдан екі жыл бұрын бұл жол жөндеуге жабылған. Алайда содан бері ескі асфальт қырылып, жаңасы төселмеген. Жол бойынан жөндеу жұмыстары туралы ақпарат беретін жоба төлқұжаты да, жұмыстың аяқталу мерзімі мен жауапты тұлғалардың байланыс нөмірлері де табылмады. Ескерту белгілері мүлде қойылмаған, ал жөнделіп жатқан жолдың бетіне су себілмейді.
– Ауылдың іші де, сырты да шаң-тозаң. Ауылға кіреберістердің барлығын топырақ үйінділері басып қалған. Біз әрең жеттік. Жол бойындағы бруствер мен топырақ үйіндісінде тұрып қалған бір көлікті өзіміз итеріп шығаруға мәжбүр болдық. Сол сәтті видеоға түсірмегеніме өкіндім. Бірақ қолымда телефон болған жоқ – өзім де итеруге көмектестім, – деп бөлісті депутат.
Жол бойындағы ахуалды көзімен көрген Ирина Смирнова жергілікті әкімдікке де барып, жағдайды нақтыламақ болған. Алайда ауыл әкімі сырқаттанып, еңбек демалысына шыққан екен. Ал аудандық әкімдік бұл жолға жауапты емес. Себебі аталған учаске республикалық маңызға ие, оны «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жөндеуде. Ал жергілікті атқарушы органдардың бұл компанияға ықпал ету мүмкіндігі жоқ.
Ирина Смирнова бұл жол учаскесіндегі жағдайды Қырғызстандағы Курумду ауылынан Ыстықкөлге дейінгі автожолмен салыстырды. Онда да жол толықтай жаңартылып жатыр. Дегенмен, Қырғызстанда жұмыс барысында жол бойына, әсіресе елді мекендер арқылы өтетін учаскелерде тұрақты түрде су себіліп тұрады.
– Жамбыл облысындағы тұрғындарға деген мұндай немқұрайлы көзқарасты қалай түсіндіруге болады? Неліктен Қырғызстанда жол жөндеу жұмыстары кезінде азаматтарға жауапкершілікпен қарайды, ал бізде ондай ниет жоқ? – деп күйінді депутат.