ҚХП Қазақстандағы «шетелдік агенттер» туралы заң қабылдауды ұсынды

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының өкілдері Қазақстанға шетелдік агенттер туралы заң керек деп есептейді. Бұл бастаманы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ирина Смирнова көтерді. Бұған дейін ҚХП USAID агенттігінің еліміздегі қызметін сынға алған болатын.

Смирнова қазақстандықтарға шетелден келген біреулердің жат құндылықтарды таңып, қоғамды дүр сілкіндіріп, жастарды бұзып жатқаны дұрыс емес екенін атап өтті. Мәжіліс депутаты жақында АҚШ өз тарапынан америкалық салық төлеушілер қаржыландырып отырған «Азат Еуропа радиосын» және «Америка дауысы» баслымдарын жабуды ұсынғанын еске салды. Илон Маск бұл БАҚ-тарды «жылына миллиард долларды жөнсіз жұмсап, өз-өзімен сөйлесетін жынды радикал солшылдар» деп атады.

«USAID-ге қатысты жағдайдағыдай, америкалықтар өздері қаржыландырып келе жатқан мемлекеттік БАҚ-тың деструктивтілігін тағы да мойындап отыр. Бүгінде мұны «Азаттықтың» сайтына кірген кез келген адам анық байқайды», - деді депутат.

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда 200-ге жуық ҮЕҰ шетелден қаржы алады, оның 70 пайызы АҚШ-тан. Қолдау негізінен БАҚ және сөз бостандығы, мақсатты топтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, демократия мен азаматтық қоғамды дамыту саласындағы жобаларды дамыту, либералды реформалар, толеранттылық пен азаматтық белсенділікті арттыру саласындағы жобаларға бағытталған.

«Тіпті мамандардың өзі бұл ресурстардың бізге қай кезде қолайлы екенін және деструктивті «жұмсақ» күштің зардабынан сақтану үшін қай жерде абай болу керектігін ажырату оңай емес. Ал шетелдік қорлардың еліміздегі қызметі қаншалықты пайдалы немесе зиянды екені туралы сұраққа нақты әрі анық жауап қажет», - деп түсіндірді депутат.

Депутат елде жылдар бойы «сұр аймақта» жұмыс істеп келе жатқан бірқатар үкіметтік емес ұйымның мәртебесін қайта қарап, шетелдік донорларға қатысты ережелерді қайта жазатын уақыт келгенін мәлімдеді. Себебі кейбір донорлар өздерінің саяси мүдделерін «медианы қолдау», «адам құқығын қорғау» және «толеранттылықты арттыру» деген сылтаумен жасырып, астырытын арам пиғылын жүзеге асыруда.

– Әлемде осындай мәселелерге тап болған елдердің олармен күресу үшін «шетелдік агенттер» туралы заң қабылдағаны жөнінде мысалдар жетерлік, – деді Мәжіліс депутаты.

Мұндай заңдар Израиль, Қытай, Австралия, Ұлыбритания, Франция сияқты елдерде, сондай-ақ АҚШ-та да бар. Айта кетерлігі, Америкада «Шетелдік агенттерді тіркеу туралы» заң 1938 жылы қабылданған. Ол саяси қызмет, ақпараттық қызметтер, саяси кеңес беру, қаржы жинау және бөлу сияқты салаларды қамтиды. Сонымен қатар, бұл заңдар қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етуге, саяси және коммерциялық ықпалдың шекарасын нақты белгілеуге, лоббистер мен ықпал ету агенттерін мемлекеттік тіркеуге, ақпаратты ашу міндеттілігін, оның ішінде ақпараттық материалдарды белгілеуді қамтамасыз етуге үлкен үлес қосуда.

«Біз Қазақстанның да осы тәжірибені қолдап, кез келген ұйымның мақсатын нақты айқындайтын ұлттық заңнаманы әзірлеуі қажет деп санаймыз. Бұл қазақстандықтардың ақпарат көздерін нақты түсініп, оларды салыстыра отырып, тұтынуына мүмкіндік береді. Біздің ортақ мақсатымыз – егемендікті нығайту! Біз бөтен құндылықтарды күшпен таңуды толеранттылық деуге жол бермейміз. Сондай-ақ үгіт-насихатты тәуелсіз журналистика ретінде көрсетудің алдын аламыз», - деп 0орытындылады Смирнова.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy