Қазақстан Халық партиясы АҚШ-тың халықаралық даму жөніндегі USAID агенттігінің Қазақстандағы қызметін тексеруге шақырады. Осы мәселеге байланысты ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі С.Жұманғаринге және Әділет министрі Е.Сәрсембаевқа сауал жолдады.
Мәжілісмен соңғы күндері дүниежүзінде USAID қызметі туралы жантүршігерлік мәліметтер таралып жатқанын атап өтті. Ақ үйдің мәлімдемесінде агенттіктің ондаған жылдар бойы зиянды жобаларды қаржыландырып келгені айтылса, Илон Маск пен АҚШ президенті Дональд Трамп сияқты шенеуніктер USAID-ді ессіз радикалдар басқаратын қылмыстық ұйым деп атады.
Ақ үй айтқан зиянды бағдарламалардың тізімі де адам шошырлықтай. USAID Колумбиядағы «трансгендерлік операға» – 47 мың доллар, Перу еліндегі «трансгендерлік комикстерге» – 32 мың доллар, Гватемаладағы «жынысты ауыстыру» және «ЛГБТ белсенділігіне» – 2 миллион доллар және Сербиядағы жұмыс орындары мен бизнес қауымдастықтарда теңдік пен инклюзияны насихаттауға – 1,5 миллион долларға жұмсаған. Тағы жүздеген миллион долларды суару каналдарын қаржыландыруға, ауылшаруашылық жабдықтары мен Ауғанстандағы есірткі фермаларына арналған тыңайтқыштарға және «Әл-Каида» содырларының азық-түліктеріне жұмсалған.
«Бұл USAID қызметінің бірнеше мысалы ғана. Миллиардтаған доллардың тағы қандай «игі» мақсаттарға жұмсалғанын әлі анықтауымыз керек», - деді депутат.
Бұл ұйым Қазақстанды да қаржыландырған. Мәселен, USAID 2022-2025 жылдары Орталық Азиядағы адам құқықтары мен теңдігін нығайтуға 2 миллион доллар бөлді.
«Бәрі жақсы болар еді, бірақ бағдарламаның орындаушысы – лесбияндардың, гейлердің, бисексуалдардың, трансгендерлердің және интерсекстердің Еуропалық халықаралық қауымдастығы», - деп түсіндірді депутат.
ҚХП фракциясы бұл қаражаттың болашақ тағдырын: кімге және не үшін бағытталғанын анықтау қажет деп санайды.
«Елдегі «жыныстық азшылықтардың құқығын қорғау» ұранымен «белсенділік» танытып жүрген топтардың бас көтеруі біздің қоғамның ішкі сұранысынан емес, сыртқы әсерден, оның ішінде шетелдік қаржыландырудың әсерінен туындайтынын бәрімізге түсінікті. Алматының орталығында ұйымдастырылатын «әйелдер маршы»/«лесбияндық шерулер» және сондай шараларды өткізуге құлшыныс та осындай ұйымдардың қызметінің жемісі», - деді депутат.
ҚХП бұған дейін үкіметтік емес ұйымдарға шетелден келетін бақыланбайтын қаржылық инвестицияларға қарсылық танытқан болатын. Әрине, бұл қарсылықтың білім беру, экология, инклюзия және т.б. ақылға қонымды салаларға қатысы жоқ. Себебі, мұндай бастамалардың қаржылық жүйесі көбіне ашық әрі күмән тудырмайды.
«Әңгіме «адам құқығын қорғау» деген желеумен біздің елге жат идеологияны қаржыландыру туралы болып отыр. Мұндай әрекеттер шынында жастарымыз бен өскелең ұрпақты азғыруда», - деген Магеррамов бұған дейін депутаттық корпустағы әріптестерінің де дәстүрлі емес сексуалды әдет-ғұрыптарды насихаттауға қарсы шыққанын еске салды. ҚХП депутаттары құзырлы министрліктерді тексеру жүргізіп, шетелдік демеушілер бөлген қаржы ресурстарына қатысты барлық есептерді жариялауға шақырды. Сондай-ақ олар «балаларымызды осындай зиянды «демеушілік» жобалардан қорғауды және психо-эмоционалды, психикалық және физикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуді» қарастыратын заң жобасын әзірлеу қажеттігін айтты.