Интернет-алаяқтықпен күрес

dep.jpg

Жоғарғы соттың халықаралық кеңесінің отырысында қазақстандықтарды интернет-алаяқтардың әрекетінен қорғау мәселелері талқыланды. Бұған дейін Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаттары да осындай бірқатар шараларды енгізуді ұсынған болатын.

Шара барысында Жоғарғы сот судьялары Мәдениет Омарбекова мен Баян Тоқтарова интернеттегі алаяқтыққа қатысты азаматтық істердің жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. (Соңғы жылдары – 270 пайыздан астам.) Алаяқтардың ықпалымен жәбірленушілер банктік және микроқаржылық несиеге өз бетінше жүгінеді, тіпті, жылжымайтын мүліктерін сатып, ақшаны белгісіз тұлғаларға аударып жібереді.

Жиынға қатысушылар электронды төлем құралдарын пайдалана отырып несие беру саласындағы жауапкершілікті арттыру арқылы қылмыстық заңнаманы жетілдіру қажеттігі туралы ортақ пікірге келді. Сондай-ақ, заңнамаға онлайн-несие беру кезінде міндетті биометриялық аутентификация және зейнеткерлер мен халықтың осал топтары үшін шектеулер туралы түзетулер ұсынылып отыр. Халықаралық кеңес әзірлеген ұсыныстар уәкілетті органдарға жіберіледі.

«Жағдайды түбегейлі жақсартуға мүмкіндік беретін тағы бір жаңалық – несиенің клиенттің қатысуынсыз алаяқтық жолмен берілгені сот актісімен анықталған кезде несиелік ұйымдардың қарызды есептен шығару жөніндегі заңмен бекітілген міндеттемесі болмақ. Бұл норма несиелік ұйымдарды берілген несиелердің сақталуын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауға ынталандыруы тиіс», - делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Бұған дейін ҚХП фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов кибералаяқтыққа қарсы күрес мәселесін бірнеше рет көтерді. Сондай-ақ, фракция депутаттары екінші деңгейлі банктер мен ұялы байланыс операторларына алаяқтық олардың инфрақұрылымы арқылы жасалған жағдайда зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу түрінде жауапкершілік жүктеуді ұсынды. Сонымен қатар, мәжілісмендердің айтуынша, онлайн-несие беруге толық тыйым салу және азаматтардың несие берумен келіспеушілік презумпциясын енгізу олардың құқығын қорғап, кибералаяқтықтың алдын алуға ықпал етеді.

«Бүгінде бізде келісім принципі бар, яғни Қазақстанның барлық азаматы автоматты түрде несие алуға келіседі. Егер азаматтардың барлығында несие алуға автоматты келісім болмаса, несие алғысы келген адам мәртебесін өзгертуге міндетті болады. Осылайша, ол белгілі бір процедуралардан өтіп, несие алғысы келетінін өзі растауы керек. Бүгінде азаматтарымызды қорғаудың осыдан басқа сенімді тетігі жоқ», - деді депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy