Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы Үкімет пен құқық қорғау органдарын отандық және шетелдік инвесторлардың жұмысына кедергі келтіретін шенеуніктерге назар аударуға шақырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестицияға оңтайлы жағдай жасау туралы тапсырмасына қарамастан, инвесторларға әкімшілік тарапынан кедергілер жасалуда.
Депутат Ирина Смирнова ұсынған статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бір ғана елорда соттарына инвесторлардан 900-ден астам талап-арыз түскен. Мұндай істердің 80 пайызы арызданушылардың пайдасына шешілген.
«Көп жағдайда мәселелер инвесторлардың заңсыз әрекеттерінен емес, бюрократиялық кедергілерден, мемлекеттік органдардың немқұрайлылығымен пен кейбір шенеуніктердің жауапсыздығынан туындайды», - деді депутат.
Осы ретте депутат Алматы облысындағы бір инвестициялық жобаны мысалға келтірді. 2020 жылы шетелдік инвестор Алматы облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасымен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шартын жасасқан. Осылайша, 1960 жылдары салынған Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы инвестордың басқаруына (сатып алу құқығынсыз) берілді. Инвестор аурухананың несиелерін (900 млн. теңге) толығымен өтеп, мекеме екі рет бірінші санатты аккредитациядан өтті, салық төлемдерін екі есеге арттырды, бірқатар қосымша медициналық ғимараттар салынды. Нақыт айтқанда ауруханаға 4 жыл ішінде 5 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылған.
Әкімдік ризашылық білдірудің орнына, келісімшарттағы міндеттерін орындамай, жаңа құрылыс нысандарының бірін мемлекет меншігіне қабылдамай, инженерлік желілерге және орталықтандырылған су құбырына қоспай, сәтті жобаның жүзеге асуына кедергі жасауға кіріскен. Сондай-ақ, облыс басшылығы инвесторға келісімде көзделген сыйақы мен міндетті өтемақыны төлемеген. Инвестор құқықтық қорғау органдарынан көмек болмаған соң АХҚО сотына жүгінген. Нәтижесінде инвестордың пайдасына 380 миллион теңгеден астам өтемақы өндірілді. Қазіргі уақытта инвестордың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша талаптары орындалмаған жағдайда, облыс бюджеті есебінен тағы 13 млрд теңге өндіріп алу мәселесі қарастырылуда.
ҚХП фракциясы мемлекеттік органдар мен жекелеген лауазымды тұлғалардың заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіруіне, МЖӘ жобасын дамытуға тосқауыл қоюына және қызметтік міндеттерін орындамауына байланысты заңдылықты Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет және Мемлекеттік активтерді басқару агенттігі тарапынан жан-жақты тексеруді ұсынды.
Бұған қоса Инвестициялық штабтың отырысын МЖӘ туралы заң жобасын әзірлеп жатқан депутаттар мен басқа да мүдделі тараптардың қатысуымен өткізу қажет екенін айтты.
«Елге инвестиция тартуға кедергі келтіретін басқа да мәселелер мен кедергілер бар. Бұл туралы әлеуетті инвесторлар бізге, яғни, депутаттарға өздері айтып беруде», - деді Смирнова.