Оқушылардың білім деңгейі неге төмендеп барады?

dep.jpg

Қазақстан халық партиясы елдегі білім деңгейі құлдырап бара жатқанын айтып, дабыл қақты. Халықаралық және ұлттық зерттеулердің нәтижелері бұл алаңдаушылықты растап отыр. Қазақстандық мектеп оқушылары PISA-2022 және ББЖМ-2023 сияқты зерттеулерде өте төмен нәтиже көрсетуде. Партияның парламенттік фракциясы жағдайды жақсарту үшін кешенді шаралар ұсынды.

ҚХП депутаты Ирина Смирнованың айтуынша, ең алдымен мұғалімдердің біліктілігін арттыру мәселесін шешу қажет. Бұлбағыттағы жұмыс сапасы көңіл көншітпейді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, былтыр түлектердің білімін бағалау сынағынан педагогикалық ЖОО бітірген 7653 түлектің 45 пайызы ғана 50 пайыздық межеден өткен.

«Сарапшылар педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждердің білім беру бағдарламаларын да, мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын да қайта қарау қажеттігін айтып отыр. 10 жыл бойы мемлекет есебінен мұғалімдердің біліктілігін арттыру бойынша қызмет көрсететін монополистік «Өрлеу» АҚ тиімділігінің төмендігі ерекше алаңдатады», - деді депутат.

Мәжіліс депутаты орталық-монополистің бірқатар мәселелерін атап өтті: бұл – жабық жүйе, оның жұмысы әрбір мұғалімнің біліктілігін тиімді арттыруға емес, тек белгілі бір контингентті сандық түрде қамтуға бағытталған. Мұғалімнің біліктілік деңгейі курсқа дейін және кейін тексерілмейді, сондай-ақ нәтижесіз оқыту үшін жауапкершілік қарастырылмаған. Мұғалімдердің өз бетінше біліктілігін арттыруға деген мотивациясы төмендеуде. Сонымен қатар, мұғалімдердің біліктілігін арттыру жүйесі мен жоғары педагогикалық білім арасында байланыс жоқ.

– «Өрлеу» АҚ жұмысының тиімділігін өлшеу жүйесі мүлде жоқ. Қазіргі уақытта «Өрлеудің» қызметін тек «Өрлеудің» өзі бағалайды, - деді депутат.

ҚХП парламенттік фракциясы «Өрлеу» АҚ-тың соңғы 10 жылдағы тиімділігіне тәуелсіз бағалау жүргізуді ұсынды. Сонымен қатар, мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарын бәсекелестік ортаға шығарып, мұғалімдерге өздері қалаған курстарды таңдауға мүмкіндік беру қажет.

Сондай-ақ, білім беру саласындағы бақылау комитеттерінің тәуелсіздігін қамтамасыз етіп, оларды министрліктердің құзыретінен шығару, педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждердің бағдарламаларын терең талдау және оларды жаңғырту да маңызды.

Бұдан бөлек, Смирнова Оқу-ағарту министрлігінің физика, химия және биология пәндерін біріктіру туралы ұсынысының дұрыстығына күмән келтірді.

– Білім – елдің бүгіні мен болашағының іргетасы. Педагогтар мен мектептегі білім сапасын жақсартуға бағытталған нақты, жүйелі, прагматикалық және рационалды шараларды қабылдайтын уақыт келді, - деп түйіндеді Смирнова.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy