Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстан Республикасындағы 2025-30 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыруға кірісті. Құжатқа жуырда ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов қол қойды.
Құжатты әзірлеушілер айтуынша, Тұжырымдама халықаралық тәжірибені, БҰҰ Мүгедектердің құқықтары жөніндегі комитетінің ұсынымдарын және қоғамдық ұсыныстарды ескере отырып жасалған.
«Оған қоғам қайраткерлері мен белсенділер арасынан түрлі сарапшылар тартылып, мүгедек азаматтардың мүддесін қорғайтын үкіметтік емес ұйымдардың қатысуымен бірқатар дөңгелек үстелдер өткізілді. Өкілдік сауалнама жүргізіліп, еліміздің түкпір-түкпірінен ұсыныстар жиналды», - деп нақтылады олар.
Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында 20 орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құзыретіне қатысты 52 шара бар. Жалпы 13 бағыт бойынша жұмыс көзделеді: теңдік және кемсітпеу, мүгедектігі бар адамдардың құқықтық қорғалуы, әлеуметтік қорғау деңгейін арттыру, инклюзивті еңбек нарығы және т.б. Құжаттың негізгі тұжырымдамалық жаңалығы – мүгедектіктің медициналық-әлеуметтік моделінен әлеуметтік-адам құқықтарын қорғау моделіне көшу үшін жағдай жасау.
Бұл шешімді ҚХП депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейітжан мақұлдады.
«БҰҰ-ның халықаралық практикасы мен ұсынымдары негізінде әзірленген тұжырымдама ерекше қажеттіліктері бар адамдардың құқықтарын қорғауға, мүмкіндіктерді кеңейтуге және қоғамға тұтастық енгізуге бағытталған. Тұжырымдаманы іске асыру ұлттық заңнаманы жетілдіруге ықпал етеді», - деп жазды депутат-омбудсмен әлеуметтік желідегі парақшасында.