Мүгедек балалардың кәсіби білім алу құқығы қорғалуы тиіс – Кенжеғұл Сейтжан

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясының депутаты, Президент жанындағы әлеуметтік осал санаттардың құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан Оқу-ағарту министрлігінен мүгедек балаларға арналған кәсіби білім беру жүйесін сақтап қалуды сұрады.

Мәжілістің жалпы отырысында сөз сөйлеген депутат зағип және көз нашар көретін балаларға арналған №4 Н.Островский атындағы арнайы мектеп-интернатындағы (№4 ММИ) күрделі жағдайды мәлім етті. Жылдар бойы бұл мекемеде кәсіби музыкалық білім беретін бөлім жұмыс істеп келген. Мұнда оқушылар баян, домбыра, вокал, фортепиано, скрипка, қобыз сынды аспаптар бойынша кәсіби білім алған.

2018 жылдан бастап ұстаздарға «музыка пәні мұғалімі» деген бірыңғай атау беріліп, кәсіби санаты расталған. Алайда кейін сол кездегі Білім және ғылым министрлігі барлық арнайы мектеп-интернаттардың мәртебесін негізсіз өзгертіп, оларды қала қарамағына өткізді. Мұғалімдердің санаты В2-ден В3-ке төмендетіліп, жалақысы да азайды. 2024 жылғы кезекті аттестациядан кейін музыка мұғалімдерінің дәрежесі қосымша білім беру педагогтары санатына түсірілген.

– Бұл дегеніміз – олардың барлық санаты мен еңбек өтілі (20-30 жылдан астам) жойылып, еңбек жолын қайтадан бастауы тиіс деген сөз. Кейін музыкалық бөлім тек үйірме деңгейінде қайта ұйымдастырылды. Яғни көру қабілеті шектеулі балалар кәсіби музыкалық білім алу мүмкіндігінен, ал мектеп білікті ұстаздарынан айырылды, - деді депутат.

Алматы қалалық білім басқармасына жолданған өтініш те нәтиже бермеді. Тіпті сорақысы, Білім басқармасы музыкалық бөлімді жоюды және оны №10 музыкалық мектептің филиалына айналдыруды ұсынған.

– Бірақ №10 мектептің жеке ғимараты жоқ әрі «қалдық ақша» есебінен қаржыландырылады. Осылайша, мұғалімдер жалақысынан және сыйақыларынан айырылып отыр, - деп нақтылады депутат.

№4 интернаттағы музыкалық бөлім – республикалық деңгейде көзі көрмейтін және әлсіз көретін балаларға арналған жалғыз мекеме.

– Музыка өнері – көзі нашар көретін жандардың қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беретін ең тиімді жолдардың бірі. Бұл бөлімді жою арқылы Оқу-ағарту министрлігі зағип балалардың болашағына тосқауыл қойып отыр, - деді депутат-омбудсмен.

Оның айтуынша, мектеп – ерекше қажеттілігі бар балаларға алғашқы білім мен дағды беретін орын. Ал кәсіби даярлықты алып тастау – мемлекет тарапынан мүгедек жандарды толыққанды өмірден шеттету.

– Менің де көру қабілетім шектеулі, бірақ мен мемлекетке масыл болып отырған жоқпын. Өз мамандығым, жұмысым бар, өз күнімді көре аламын! Ал бүгінде Оқу-ағарту министрлігі неліктен зағип балаларын кәсіпке баулудан бас тартып отыр? Кәсіби білім болмаса, олар өмір бойы мемлекетке тәуелді болуға мәжбүр болады, - деді Сейтжан.

Мәжіліс депутаты мектептердегі инклюзивті білім беру жүйесінің де шынайы өмірден алшақ екенін атап өтті.

– Қарапайым мектептер ерекше балаларға қажетті дағдыны бере алмайды. Ал инклюзия туралы айтылған әдемі сөздердің ар жағында – бос уәде ғана. Ондай мектептерден шыққан балалар жоғары баға алғанымен, өмірге қажетті негізгі дағдыларды меңгермейді, – деді ол.

Қазақстан Халық партиясының Мәжілістегі фракциясы мен «Инклюзивті Парламент» депутаттық тобы Үкіметке №4 интернаттағы музыка бөлімінің жұмысын қалпына келтіруді және кәсіби даярлыққа бағытталған басқа да арнайы мектеп-интернаттарды қайта жандандыруды ұсынды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy