2025 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толды. ҚХА – Қазақстан Халық партиясының сенімді серіктесі. Партия екі жыл бұрын Ассамблеямен ұлттық бірлікті нығайту, мәдени байланысты арттыру және этносаралық қатынастарды дамыту бағытында өзара ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойған болатын. Биылғы мерейтой аясында өткен ҚХА-ның ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблеяның қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті.
Мемлекет басшысының ҚХА мінберінен айтқан сөзі ел дамуына қатысты өзекті мәселелерді қамтыды. Президент қазіргі жаһандық тұрақсыздық жағдайында бірлік идеясының ерекше мәнге ие бола түскенін баса айтты.
– Бүгінде ҚХА – бүкіл елді қамтитын қоғамдық келісімнің бірегей құрылымына айналды. Жер жүзінде мұндай бірегей ұйым құра білген мемлекет кемде-кем, - деді ол.
Сондай-ақ Президент қол жеткізген табыстармен шектелмей, аймақтарда жұмысты күшейту, ақпараттық кеңістікте бірлік пен келісім идеяларын кеңінен насихаттау, «біз – әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз» деген мызғымас қағиданы жүзеге асыру үшін мәдениет пен өнер әлеуетін толық пайдалануға шақырды.
– Экономикада жүйелі реформалар қолға алынды. Ең бастысы, қоғамның сана-сезімі өзгере бастады. Соңғы жылдары саяси оқиғаларға баға беру тұрғысынан халқымыздың көзқарасы да жаңа сипатқа ие болды. Алға қарай адымдап қадам басты деуге болады. Біз заманауи және алдыңғы қатарлы қоғамға айналдық. Мұның бәрі біздегі қоғамдық келісім үлгісіне де тың талаптар қояды. Кеше ғана тиімді саналған әдіс-тәсілдер бүгін жарамсыз болуы мүмкін, - деді Президент.
Әлемде болып жатқан қақтығыстар, сауда соғыстары мен адам өмірінің құнсыздануы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев отандастарын еліміздегі бейбіт өмірді қадірлеуге, этносаралық және конфессияаралық қатынастардың саясилануына жол бермеуге, түрлі арандатушылықтардың алдын алуға шақырды.
– Этносаралық және конфессияаралық қатынас мәселесін ешқашан саясат немесе түрлі арандату құралына айналдыруға болмайды. Бұл – мемлекеттің де, бүкіл қоғамның да бұлжымас қағидасы, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент ешкімнің азаматтарға қай тілде сөйлеу керектігін, жеке қарым-қатынаста немесе қоғамдық ортада қай тілді қолдану керектігін мәжбүрлеуге құқығы жоқ екенін нақты айтты. Мұндай тақырыптарды қозғап, ел ішін ірітуге бағытталған арандатушылықтар жазаланады.
– Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз, - деді Тоқаев.
Осы тұста Тоқаев астарлы мазақ пен шынайы қорлауды ажырата білудің маңыздылығын атап өтті.
– Өздерін сөз еркіндігінің жақтаушысы ретінде көрсеткісі келетін кейбір құқық қорғау ұйымдарының өкілдері, блогерлер мен журналистер еліміздегі әр істен саяси, жағымсыз астар іздеп, шын мәнінде, арандатумен айналысып жүргенін айтпасқа болмайды. Бұл Қазақстаннан көшіп кетіп, шетелде жүріп халқымызға шабуыл жасайтын, тіпті, мемлекеттік органдарды бопсалайтын бұрынғы азаматтарымыздың әрекеті. Олар шет мемлекеттер берген ақшаны ақтауға жұмыс істеп жүр. Бүгінде мұны бәрі біледі. Демократияны біреудің қаржысымен орнатуға болмайды. Еліміздің әл-ауқаты, соның ішінде демократия мен сөз бостандығы үшін шетелде ешкімнің басы ауырып, балтыры сыздамайды. Оны нақты түсінген жөн, - деп нақтылады Президент.
Мемлекет басшысы тарихи оқиғаларға да ерекше тоқталды. Ол бір кезде Қазақстанға миллиондаған адамның жер аударылғанын, алайда қазақ халқы ешкімлі бөтенсітпей, бауыр ретінде қабылдағанын еске салды. Қазір солардың ұрпақтары елдің теңқұқылы әрі жауапты азаматтарына айналып, еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып отыр. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев этносаралық, ұлттық келісіммен қатар конфессияаралық татулықтың да маңызды екенін айтты. (Биыл күзде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі өтеді.) Ол Ұлы Жеңістің 80 жылдығы да ерекше атап өтілетінін мәлімдеді. Ұлы Жеңістің мерейлі датасын атап өтуге арналған іс-шаралар легі ауқымды әскери шеруге ұласады.
– Бірер күн бұрын менің тапсырмаммен Республикалық ономастикалық комиссия елді мекендердегі 500-ден астам көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімін беру туралы шешім қабылдады. Ең алдымен, жаңа және атауы қайталанатын көшелерге басымдық беріледі. Бұл шешім – Ұлы Жеңісті, оған қатысушыларды қаншалықты қадір тұтатынымызды көрсететін маңызды қадам, - деді Президент.
Сыртқы саясатқа тоқталған Президент Қазақстанның бейтарап әрі көпвекторлы бағытын, БҰҰ Жарғысына адалдығын атап өтті. Сондай-ақ қақтығыстардың алдын алудың ең тиімді жолы – әртүрлі елдер мен мәдениеттер арасындағы тікелей байланыс пен достық қарым-қатынас екенін баса айтты.
– Бүгінде әлем жалпыға ортақ өрлеуге бағытталған жасампаз күн тәртібі мен үлкен жобалардың тапшылығын қатты сезініп отыр. Қазақстан барлық серіктесімен көпжоспарлы әрі нәтижелі жұмысқа ден қояды, - деп түйіндеді Тоқаев.