Мемлекеттік қызметтер порталы арқылы төленетін мүгедектерге арналған санаториялық-курорттық емдеу көбіне бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсауға бағытталған алаяқтық схемаларға әкеп соғады. Бұл мәселені Қазақстан Халық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейітжан Мәжіліс отырысында көтерді.
Мәжілісменнің айтуынша, азаматтық белсенділер мен қоғам белсенділері санаториялық-курорттық емдеу саласындағы бірқатар қордаланған, жүйелі проблемаларды анықтаған. Алайда құзырлы органдар салада анықталып отырған мәселелерді жоюға асығар емес. Осылайша, ерекше қажеттіліктері бар адамдар қажетті процедураларды ала алмай отыр, алған күннің өзінде толық көлемде қызмет көрсетілмейді. Себебі, медициналық мекемелер қажетті құралдармен жабдықталмаған мен мамандар тапшы.
«Мекемелер көрсетілмеген қызметтердің толық құнын алып алады да, науқастарға тиісті көмек көрсетуге келгенде ақшаны үнемдейді. Осылайша, мүгедектігі бар азаматтар бюджеттен қаржыландырылатын тиісті қызметтерді ала алмайды», - деді депутат.
Көптеген мүгедек жандар үшін қажетті ем-дом алудан бөлек, тіпті, санаториялық-курорттық ұйымның ғимаратына кіру де қиынға соғады. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің талаптарына және бекітілген құрылыс нормаларына қарамастан, өткен ғасырда салынған медициналық мекемелердің көбінде пандустар, тактильді жолдар, көтергіштер және қол жетімді әрі кедергісіз ортаны қамтамасыз ету үшін қажетті басқа да құрылғылар жоқ. Бұл ретте, қажетті инфрақұрылымы жоқ жеткізуші әлеуметтік қызметтер порталында тіркеліп, ерекше қажеттіліктері бар жандарға қызмет көрсетуге рұқсат етілген. Іс жүзінде ешкім кедергісіз ортаның болуына кепілдік бермейді, бақылап, тексермейді де.
Науқас емдеу мекемесін дәрігердің нұсқауы бойынша емес, әлеуметтік қызметтер порталында бар қолжетімді қызмет көрсетушілерді және ол көрсететін қызметтердің ауқымына қарай таңдауға мәжбүр. Ақыр соңында емделуші тиісті емді ала алмайды. Онымен қоймай, мекемеге келгеннен кейін мүгедектер SMS немесе геолокациядан кодпен растауды жіберуі керек, бұл тіркеуді айтарлықтай қиындатады және мүгедектердің кибералаяқтардың құрбаны болу қаупін арттырады.
Кенжеғұл Сейітжан фракция атынан Үкіметке жоғарыда айтылған кемшіліктер мен олқылықтарды жоюға бағытталған бірқатар ұсыныс жолдады. Және ол шенеуніктерге шешім қабылдамас бұрын қызмет алушылар – мүгедектігі бар жандармен кеңесуді қатаң ұсынды.