Қазақстан Халық партиясы көрнекті қазақ жазушысы, аудармашы және мәдениет қайраткері Мұхтар Мағауиннің 85 жылдығына арналған іс-шаралар топтамасын жалғастыруда. Өкінішке қарай, қазақ әдебиетінің классигі мерейтойына сәл ғана жетпей 2025 жылдың қаңтарында дүниеден озды.
Дарынды қаламгерді еске алу шараларының бірі – Абай облыстық ҚХП филиалы ұйымдастырған эссе байқауы болды. Оған Семей қаласындағы Шәкәрім және Әлихан Бөкейхан университеттерінің 30-дан астам студенті қатысты. Байқаудағы қазылар алқасының құрамына ҚХП филиалының төрағасы Айдын Егеубаев, филология ғылымдарының кандидаты Талғат Қабышев, профессор Айман Тоқсанбаева, филология кафедрасының PhD докторы Гүлнұр Бірсалім кірді.
Сондай-ақ, ҚХП облыстық филиалы мен Семей қаласының Орталық кітапханасы бірлесіп «Қарымды қаламгер» атты әдеби кеш ұйымдастырды. Бұл шараға партия мүшелері, кітапхана қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері және студенттер қатысты.
Жазушы, аудармашы және қоғам қайраткері Мұхтар Мағауин еңбек жолын «Қазақ әдебиеті» газетінен бастаған. Кейін «Жазушы» баспасында, «Жұлдыз» журналында және Қазақ ССР Ғылым академиясының М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында қызмет атқарды.
Мұхтар Мағауиннің алғашқы шығармалары 1959 жылы жарық көрді. 1960 жылы болашақ әдебиетшінің «Қобыз сарыны» атты ғылыми монографиясы басылып шықты. Одан кейін «Көк мұнар» романы, «Бір атаның балалары» повесі, тарихи дилогия «Аласапыран», сондай-ақ «Шаһан Шерi», «Мен» романдары және қазақ әдеби-мәдени мұрасының бір бөлшегіне айналған көптеген басқа да туындылары жазылды. Мағауиннің Сомерсет Моэм, Генри Райдер Хаггард, Николай Погодин және басқа да әлемдік классиктердің қазақ тіліне аударған аудармалары оқырмандардың ерекше ықыласына ие болды.
1997 жылы Түркияның Өнер және жазушылар қоры Мұхтар Мағауинге «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» сыйлығын табыстады. Жазушы сондай-ақ Абай атындағы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлықтың және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 2008 жылы ол мәдениет саласындағы Мемлекеттік стипендияға ие болды.