Қазақстан Халық партиясы «Халық аманаты» акциясы аясында белсенділер мен жергілікті атқарушы органдар өкілдерінің қатысуымен бірқатар іс-шара өткізді. Партия ұйымдастырған дөңгелек үстелдерде еліміздегі моноқалалардың мәселелері, олардың мүмкіндіктері мен даму перспективалары талқыланды.
Осындай талқылаудың бірі Қарағанды облыстық филиалының бастамасымен өтті. Партия мүшелерінің айтуынша, бүгінде мұндай елді мекендерде тұратын азаматтардың мүдделерін қорғау үшін арнайы шаралар қажет.
– Абай, Шахтинск, Теміртау, Балқаш сияқты моноқалалар, сондай-ақ Саран, Приозерск және Қарқаралы секілді шағын қалалар тарихи тұрғыда қала құраушы кәсіпорындардың айналасында дамып, олардың экономикасын бір салаға біріктірді. Бүгінде бұл қалалар жұмыс орындарының жетіспеушілігі, тозған инфрақұрылым, экологиялық мәселелер сияқты түрлі қиындықтарға тап болуда, – деп атап өтті партия өкілдері.
Жағдайды объективті түрде бағалау үшін Қарағанды облыстық филиалы облыстық экономика басқармасы мен осы жеті қаланың әкімдіктеріне олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы мен даму бағдарламалары туралы мәлімет сұратып, ресми сауал жолдады.
Қоғамдық талқылау барысында Қарағанды облысы экономика басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Әбішева қатысушыларды ведомствоның ұстанымымен таныстырды, ал әкімдік өкілдері өзекті мәселелер мен оларды шешу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. Іс-шараны қорытындылай келе, Қарағанды облысының партия мүшелері талқылауға үлес қосқан барша қатысушыға алғыс білдірді.
– Талқылау нәтижесінде ұсыныстар тізімі жасалып, олар нақты шешімдер әзірлеу үшін Қазақстан Халық партиясының орталық аппаратына жіберіледі. Шағын және моноқалалардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бойынша халықпен, сарапшылармен және мемлекеттік органдармен тығыз байланыста бола отырып, жұмысты жалғастырамыз, – деп түйіндеді партиялықтар.
Осыған ұқсас дөңгелек үстелді Жамбыл облыстық филиалы Қаратау қаласында өткізді. Бұған дейін филиал төрайымы Жанат Бастаубаева қалаға барып, оның қазіргі және жүйелі мәселелерімен танысты.
Қаратау әкімі Дархан Байымбетов атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, қала қарқынды өсіп келеді, 2024 жылы бюджетке 3 млрд теңге салық түскен, 21 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өтті, тағы 9 тұрғын үй кешені жөндеуге дайындалуда. Талас ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Айнабек Тауасаров жергілікті бизнестің қиындықтары туралы айтты. Білікті мамандардың тапшылығы, екінші деңгейлі банктердің ауылдық жерлердегі жылжымайтын мүлікті кепілге қабылдамауы, көлік мәселелері секілді проблемалар бар.
Талас ауданы білім бөлімінің басшысы Мақсат Қазанғапов А.С. Пушкин атындағы орта мектептің күрделі жөндеуден өтпегеніне шағымданды. 50 жылдан астам уақыт бұрын салынған мектеп 1280 оқушыға арналғанымен, онда қазіргі таңда 750 бала ғана білім алып жатыр.
– Қалада ТарГУ-дің бос тұрған ғимараты мен жатақханасы, үш колледж бар, бірақ білікті мұғалімдер жетіспейді. Өкінішке қарай, жұмыс орындарының аздығынан жақсы мамандар басқа қалаларға кетіп жатыр, – деп нақтылады Қазанғапов.
Түркістан облыстық филиалы моноқалалардың мәселелерін Кентау гуманитарлық-техникалық колледжінің акт залында талқылады.
Дискуссияға Кентау қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Бауыржан Шүкірбайұлы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Азамат Оразгелдіұлы, құрылыс бөлімі секторының меңгерушісі Қанат Жадыраұлы, колледж ұжымы және БАҚ өкілдері қатысты.
Қатысушылар Кентау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша пікір алмасты. Болашақ жоспарлар қатарында: қалдықтарды қайта өңдеуге инвестиция тарту, туризмді дамыту, табиғи газды тұтынушыларға жеткізу, сондай-ақ Кентау орталығында екі жайлы мектеп пен спорт кешенін салу бар.