Мемлекет жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы бірнеше функцияны өзін-өзі реттеу саласына беруді көздеп отыр. Осы және өзге де мәселелер Мәжілістің бүгінгі жалпы отырысында талқыланды.
Бүгінде елімізде халықаралық тасымалға 61, облысаралық – 189, тұрақты емес – 625 және такси – 2833 тасымалдаушы қызмет көрсетеді. ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев енді тасымалдаушылар қызмет бағыттарына қарай бірігуі керек екенін және ол міндетті болатынын мәлімдеді.
«Өз қызметін жүзеге асыру үшін олар автотасымалдаушылар палатасы түріндегі өзін-өзі реттеу ұйымдарына бірігуі тиіс. Халықаралық, өңіраралық және тұрақты емес тасымалдауға арналған көлік құралдарының кемінде үштен бір бөлігін иеленетін тасымалдаушылар өзін-өзі реттеу ұйымына біріге алады», - деді министр.
Өзін-өзі реттеу ұйымына қосылу үшін мүшелік жарналар қарастырылған, оны Автотасымалдау палаталарының мүшелері өздері белгілейді. Сонымен бірге, заң жобасында жарнаны төлеу бойынша шығындарды қызметкерлерге жүктеуге болмайтыны қарастырылған. Ұйымдарға міндетті түрде қатысу жөніндегі талаптар таксидің ақпараттық-диспетчерлік қызметтерінің, таксиге тапсырыс берудің мобильді қосымшаларының, автовокзалдардың, автостанциялардың, жолаушыларға қызмет көрсету пункттерінің және т. б. қызметтеріне де қолданылатын болады.
Алайда, Мәжіліс депутаттары тасымалдаушыларды біріктіруге бағытталған мұндай ұйымның болашағына күмәнмен қарайды. ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, мәжілісмен Магеррам Магеррамов мұндай жұмыс схемаларының нәтижесі қылмыстық одақтардың құрылуына әкеп соғуы мүмкін деген болжам айтты.
– Бұл тасымалдаушылар арасындағы шектеулі бәсекелестікке немесе тіпті, сыбайластыққа әкелмей ме? Осылаша, жол жүру құнының қымбаттауына себеп болуы мүмкін, - деді ол.
Ал жобаны әзірлеуші бұл өзгерістер сыбайластыққа әкелмейтінін, керісінше, адал бәсекелестікті дамытуға және тиісінше, жол жүру ақысын төмендетуге ынталандырады деп сендірді.
«Бір емес, үш өзін-өзі реттейтін ұйым құрылмақ. Олардың қатысушылары бәсекелестік ортада жұмысын жалғастырады. Оған қоса, тарифтерді олар белгілемейді», - деп атап өтті министр.
Түзетулерді талқылауды заң жобасын екінші оқылымға әзірлеу кезінде жұмыс топтарының отырыстарында жалғастыру жоспарланып отыр.