Жануарларға жауапкершілікпен қарау мәселелері талқыланды

dep.jpg

ҚХП депутаты Кенжеғұл Сейітжан жануарлар құқығын қорғаушылар мен депутаттық корпустағы әріптестерін адамдардың құқығын таптамай, жануарлардың құқығын қорғауға шақырды. Бұл туралы ол Мәжілістің Экологиялық мәселелері жөніндегі комитетінің «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға өзгертулер мен толықтыруларды талқылау бойынша өткен дөңгелек үстел барысында айтты.

Талқылау барысында пікірлер екіге бөлінді. Мәжілісмендер құжатқа қаңғыбас және қараусыз қалған жануарларды эвтаназиялауды көздейтін норманы енгізуді ұсынып, популяцияны азайту үшін зарарсыздандыру әдісінің тиімсіз екенін растайтын ғылыми зерттеулерге сүйенді. Ал жануарларды қорғаушылар әлемдік жетекші ұйымдар, керісінше, эвтаназияны тиімсіз шара деп санайтынын айтып, қарсылық білдірді. Оның үстіне, бұл тәсіл арқылы көбіне ең жыртқыш, агрессивті әрі қауіптілері аман қалады.

Депутат Кенжеғұл Сейітжан жануарлар құқығына қамқорлық жасай отырып, мүмкіндігі шектеулі жандардың қаңғыбас иттердің құрбаны болуы мүмкін екенін естен шығармау керек екеніне тоқталды.

– Алматыдағы үйімнің айналасында әлі күнге дейін қаңғыбас иттер бар. Олар келе береді. Біз ветеринарлық қызметтерге хабарластық, үнемі хабарласамыз, бірақ бұл мәселемен айналысатын ешкім жоқ, - деді депутат.

Мәжілісмен атап өткендей, таяқ ұстаған адам, тіпті, көзі нашар көретін адамның да қашып құтылуға мүмкіндігі бар. Ал қимыл-қозғалысы шектеулі азаматтардың жыртқыштардан қорғануға қауқары жете бермейді.

«Ветеринариялық қызметтер мен жануарларды қорғау ұйымдарына айтарым: не мүгедектер арбасына отырып немесе көзіңді жұмып, жабайы иттердің қасында жүріп көріңіздерші. Сонда қандай сезімде болатындарыңызды көрейін!», - деді ол.

Депутат сонымен қатар, қазақстандықтардың жануарлар мен иттерді асырауға өте жауапсыздықпен қарайтынын атап өтті.

«Ата-аналар балалары қызығушылық танытқанда ит сатып алады немесе асырап алады. Кейін балалардың қызығушылығы жоғалған соң итті көшеге қаңғытып жібіреді», - деп нақтылады депутат.

Мәжілісмен сөзін қорытындылай келе, Қазақстанға жануарларды асырауға қатысты байыпты және нақты заңнама қажет деп түйіндеді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy