Қазақстандағы халықаралық жоғары оқу орындары отандық жоғары оқу орындарына қарағанда әлдеқайда қолайлы жағдайда жұмыс істейді. Мәселені күн тәртібіне қойған Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова қазақстандық институттар мен университеттерге академиялық еркіндік беру бастамасын көтерді.
Мәжілістің пленарлық отырысында сөз сөйлеген депутат шетелдік жоғары оқу орындары қомақты қаржыландыруға, икемді білім беру бағдарламаларына және басқа да артықшылықтарға ие.
– Біздің жоғары оқу орындарымыз халықаралық университеттермен салыстырғанда тиімсіз жағдайда қалу салдарынан толыққанды дамып, алға жылжи алмай отырған сияқты ма? – деп риторикалық сұрақ қойды Ирина Смирнова. – Қазақстандық жоғары оқу орындарының автономиясын кеңейтіп, оларға деген сенімді арттыратын уақыт келген жоқ па?
Өз кезегінде Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы, депутат Асхат Аймағамбетов бұл мәселелердің ескеріліп жатқанын және шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарына қойылатын талап күшейтілгенін атап өтті.
– Біз бірқатар міндетті талап енгіздік. Біріншіден, уәкілетті орган халықаралық жоғары оқу орындарының филиалдарын да тексереді. Екіншіден, білім беру сапасы мен бағдарламалар мемлекеттік стандарттардан төмен болмауы тиіс. Ең бастысы, филиалдардың дипломдары негізгі университеттің дипломымен тең дәрежеде болуы тиіс, – деді ол.
Дегенмен, негізгі мәселе ретінде қаржыландыру атап өтілді. Неліктен отандық жоғары оқу орындары шетелдік университеттердің филиалдарына қарағанда бірнеше есе аз қаржы алады деген сұрақ көтерілді.
– Қазіргі таңда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі арнайы жұмыс тобын құрып, осы теңгерімсіздікті жою бағытында жұмыс жүргізуде, – деп түсіндірді А. Аймағамбетов.
Депутаттың пікірінше, қазақстандық жоғары оқу орындарында академиялық еркіндік жеткілікті деңгейде берілген. Бүгінде жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларының 80-90 пайызын өздері айқындайды, кейін оларды білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізеді. Олардың бұл мүмкіндікті қаншалықты тиімді әрі адал пайдаланып отырғаны бөлек әңгіме.
– Егер нақты ұсыныс болса, жұмыс тобы аясында бірге талқылауға дайынбыз, – деді мәжілісмен.
@halyk_partiyasy