Қытай Халық Республикасының Елшілігіндегі Қытай Коммунистік партиясы Халықаралық бөлімінің өкілі, кеңесші Ли Ин Қазақстандағы дипломатиялық қызметін аяқтады. Елден аттанар алдында дипломат Қазақстан Халық партиясының кеңсесіне келіп, партия өкілдеріне өзінің ізбасары – кеңесші Тан Цзинцзені таныстырды. Кездесуге ҚХП төрағасының бірінші орынбасары Мирас Әукенов, партия Орталық аппаратының басшысы Дамир Қабдешев, сонымен қатар талдау және халықаралық ынтымақтастық бөлімінің жетекшісі Сұлтанбек Құдабай қатысты.
Қазақстан Халық партиясы қытайлық әріптестерімен бұрыннан бері достық қарым-қатынаста. Кездесу барысында партия өкілдері кеңесшіге сындарлы әрі нәтижелі ынтымақтастық үшін алғыс білдірді. Жаңа кеңесші Тан Цзинцзе осы бағытты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
– Біз партияаралық байланысты халықтық дипломатияның маңызды құралы ретінде қарастырамыз, – деп атап өтті кездесуге қатысушылар. – Бұл байланыс мемлекет арасындағы қарым-қатынастың маңызды бөлігі болып табылады.
Тараптар Қытай Халық Республикасының социалистік ойды дамытуға, партиялық құрылысты жетілдіруге және халықаралық диалогты ілгерілетуге қосқан елеулі үлесін атап өтті. Сонымен қатар бірлескен жобалар мен бағдарламалар, тәжірибе алмасу тетіктері, жастар бастамаларын қолдау және әлеуметтік-мәдени маңызы бар жобаларды жүзеге асыру бағыттары талқыланды.
@halyk_partiyasy