Үкімет Алимент қорын құру мәселесін қарастырады

dep.jpg

Фото: t.me/mazhilis_kz

Қазақстанда жеке сот орындаушыларына (ЖСО) қойылатын талап күшейтіледі. Тиісті заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымда қабылданды. Құжат қолданыстағы орындаушыларды аттестаттауды енгізуді көздейді: олардың заңнаманы және кәсіби Ар-намыс кодексін білу деңгейі тексеріледі. Аттестациядан екі рет өте алмаған ЖСО лицензиясынан айырылады. Сонымен қатар көмекшілер мен тағлымдамадан өтушілерге қойылатын талап қатаңдатылады.

Заң жобасын талқылау барысында Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов мемлекеттік Алимент қорын құру мәселесін тағы да көтерді. Оның айтуынша, қазіргі таңда алимент бойынша берешек көлемі шамамен 18 млрд. теңгені құрайды. Бұл көрсеткіш алиментті қасақана төлемейтін борышкерлердің ғана қарызы. Жалпы, Қазақстанда 300 мыңға жуық бала алиментке мұқтаж, олардың арасында мүгедектігі бар балалар да анықталып отыр.

– Бүгінге дейін дәл осы әлеуметтік мәселе нақты бағдарламалар мен жүйелі бастамалар арқылы толық шешімін тапқан жоқ, – деді Магеррам Магеррамов. – Үкімет балаларды Конституциямен кепілдендірілген қорғау аясында салықтық емес түсімдер есебінен Алимент қорын құруға дайын ба? Сондай-ақ, борышкерлерден қаражатты регресс тәртібімен қайтару механизмін қарастыру қажет.

Өз кезегінде Әділет вице-министрі Бекболат Молдабеков алимент төлеуден жалтаратын борышкерлермен күрес шаралары туралы айтты. Оның сөзінше, цифрландыру арқылы табысын жасанды түрде төмендетіп көрсететін төлеушілерді анықтау мүмкіндігі артқан.

– Біз Қаржы министрлігімен бірлесіп, бухгалтерлерге арналған пуш-хабарлама жүйесін әзірледік, – деді ол. – Әрине, ешбір бухгалтер Салық комитетінің тексерісіне ұшырағысы келмейді. Сондықтан жұмыс берушілерге қызметкердің нақты табысын толық көрсету тиімдірек болады, ал алимент мәселесін қызметкердің өзі реттейді.

Вице-министр Алимент қоры мәселесінің өзектілігін атап өтіп, бұл бастама Үкімет деңгейінде қарастырылатынын жеткізді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy