Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы халықаралық «Болашақ» стипендиясын тағайындау барысында өрескел заңбұзушылықтарды анықтады. Ең лайықты талапкерлерге шетелде жоғары білім алуға мүмкіндік беруі тиіс жүйе, өкінішке қарай, жемқорлық схемаларын өрістетуге қолайлы алаңға айналған.
Жоғары аудиторлық палата мүшесі Тлеген Каскиннің айтуынша, мұның басты себебі әкімшілендіру жүйесінде жатыр. ЖАП осы салада елеулі тәуекелдерді анықтаған.
– Жалпы іріктеу талаптарына сәйкес келмесе де, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі шешімімен 340 үміткерге (7,7 млрд теңге сомасында) стипендия жеке тәртіппен тағайындалған, – деді Т. Каскин. – Бұдан бөлек, бекітілген лимиттен тыс 151 стипендия берілген.
Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова «Болашақ» бағдарламасын даулы жоба деп есептейді.
– Шын мәнінде, бұл бағдарлама кейбіреулердің салық төлеушілердің қаржысы есебінен қымбат білім алу тетігіне айналды, – деді мәжілісмен. – Ал сол «кейбіреулер» Жоғары аудиторлық палатаның қорытындысына сүйенсек, қоғам ішіндегі ең үздіктердің өзі бола бермейді.
@halyk_partiyasy